USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
Погода в Жансугуров °C

Жер бедері, табиғаты, климаты, өзен- таулары, өсімдік- жануарлары

Жер бедері, табиғаты, климаты, өзен- таулары,
өсімдік- жануарлары

Жерінің оңтүстік- шығысын Жетісу Алатауының Қоңыртау, Қайрақкөл, Желдіқарағай таулары, солтүстік, солтүстік- шығыс және батыс бөлігін Тораңғықұм, Кемерқұм, Сымбатқұм, Күшікжал және Жалқұм шағылды алқабы алып жатыр. Ең биік жері- Солтүстік Жетісу Алатауы сілемінде (4075 м). Климаты тым континентті. Қысы суық, қаңтар айының орташа температурасы 10-15 С, жазы ыстық, шілдеде 20-23 С. Жауын шашынның жылдық мөлшері 250- 300 мм. Гранит, мрамор, Ілдерсай бари кен орындары бар. Топырағының басым бөлігі сұр, бозғылт сұр болып келеді. Аудан аумағында «Лепсі» қорықшасы (33 мың га) орналасқан.
Ауданның аумақтарын ерекшеліктеріне қарай сипаттасақ, оның солтүстік өңірі (Ақсу, Басқан, Қаракөз, Ойтоған ауылдары) жазда жауыны аз, ыстық, қысы қатал болып келеді.Терістіктен соғатын “Ебі” мен “Сайқан” суық ауа толқындары әсерінен 30-40 градусқа дейін аяз болады. Солтүстік батыс, батыс бөлігі (Матай, Құрақсу, Егінсу, Алажиде, Молалы аумағы) шөл, шөлейтті болып келеді. Шағыл-шағыл құм арасы құрғақшылыққа төзімді сексеуіл, тораңғы, жиде, шеңгел, жыңғыл сияқты бұтақты ағаштарға бай. Жазық жерлер мен ойдым-ойдым саздауыт ойпаттар еркек шөп, теріскен, ран, көкпек, изен-жусан, көк шалғынды. Көктем айларында қар суы кең жайылып, ояң жерлерде шабындық шөптің қаулап өсуіне жағдай туады. Шөл-шөлейт аймақтың қысы суық, аязды келеді, қар қалың түспейді, жазы ыстық, көктем, күз айларында құм үйірген қара құйын соққанда кейде көз аштырмайды. Солай дегенмен шағыл-шағыл жалаңбас құм төбешіктер қыс айларында ашық жататындықтан мал отарлауға қолайлы. Даласы елік, ақ бөкен, қара құйрық, жабайы шошқа, қоян, сары шұнақ, тағы басқа аңдарға, қырғауыл, шіл, қаз-үйрек сияқты құстарға бай. Сондықтан ел арасында “бұта түбі-бір асым ет” деген мақал қалған. Ертеде бұл жерлерде құлан, жолбарыс болғанын аңыз етеді. Бәрі жойылып біткен. Тек “Басқан” мен “Ойтоған” ауылдары арасында “Жолбарыс соққан” деген жер аты ғана ескерткішке қалған. Ауданның орталық бөлігі Қаратал ауданынан шығысқа қарай 100 шақырым шамасында созылып жатқан Қаратаудың солтүстік бөктерін алып жатыр. Бөктерді бойлап атақты “Жібек жолы” өтеді. Бұл өңірдің жері жазық. климаты қоңыржай. Жауын негізінен көктем, күз айларында жауады. Басын Алатау мұздықтарынан алатын Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен сияқты ірі өзендер мен қатар суы мол Қызылағаш бұлағы, Ақ ешкі су қоймасы арқасында бұл жер судан тапшылық көрмейді.


Аудан орталығы- Жансүгіров поселкесінің оңтүстік іргесінде қасиетті Қаратау ұзын керуендей шұбалып жатыр. Бұл таудың күңгейі мен теріскейі бірдей малға қоныс, өсімдігі құнарлы. Сай – сайында неше түрлі жемістермен қатар, беткейлерінде жергілікті ел тамаққа пайдаланатын тау сарымсағы бар. Жыраларынан шағын бұлақ-жылғалар сылдырап ағып жатады.
Қаратаудан ары аттаған соң кең Сымтас, Ақадыр жазықтары көсіліп жатыр. Одан әрі –Баян-жүрек. Жоңғар Алатауы мен Қаратаудың ортасында “Қос уыстай” болып жатқан бұл тау құрылымы жағынан шынында да жүрекке ұқсайды. Қапал ауылынан күн шығыс бетте он шақырымдай жерден ірге көтеретін бұл таудың тасы “Рысбек” бейіті тұсынан бастап, “Ақтасты қора” қыстауынан 2-3 шақырымдай ұзап шыққанға дейін қара қорым тас та, одан әрі “Бүйен” өзеніне дейін оңы мен солында аса құнды қызыл гранит болып келеді.
Алты ай қыста бұл жерде қар жатпайды, аяқты малы тегістей жайылыммен шығады. Ақпан, қаңтар айларының өзінде бөктердегі бетегесі бөріктей болып, қобырап жатады. Күнгей бетінің шөбі астынан көктеп көгеріп тұрады. Беткей – беткейі толы арша мен қой-ешкінің ашырқана сүйсініп жейтін жерік отының бірі- қышқыл қылша керегедей болып биік өседі. «Баян – Жүректен» аттаған соң, тағы бір жазық “Күреңбел” бел жазып жатыр. Бұл жазық шығысында “Салқынбелден” басталып, батысында сонау “Жалаулы”, одан әрі ұлан-ғайыр кең жазыққа ұштасады. Бел ортасында Қапал, оның батысында “Көшкентал”, шығысында “Баласаз” ауылдары. Бұл маңның климаты – қоңыржай. Жазы салқын. Қысында қатты аяз сирек болады. Ауданның оңтүстігінде кереге қорғанындай Ұлы Жоңғар Алатауы шекара шебіне шейін құлаш жайып жатыр. Алатау баурайы “Альпінің көк шалғыны” дейтін балғын балауса. Шыңдарына қарай жарыса өскен қарағай мен шыршасы, үйір-үйір үйеңкі мен ырғай, емен, шынарлар, қынай бел қайыңдар, бұраң бел сәмбі тал, шетен мен долана, бал татыған алмасы мен шиесі, тіл үйірген қара қарақат. Беткейлерінде түс киіздің өрнегіндей тұтасқан аршасы. Жазаң беткейлерінде ат тұяғын бояғандай дейтін қой бүлдірген, сайларында таң қурай, тауық көз сияқты уылжыған жемісі бар. Сай-жыраларында тікенді раушан, таушымылдық, шұғының гүлі, шырыш, зерек пен бүрген. Қоянкөз, Көпірлі, Қарасырық, Ақшұнақ жайлауларында марал-елік, шыңдарында топ-тобымен шұбырған тау теке мен арқар, еліктер. Алатаудың қарлы басында тау барысы, сілеусін, аю мен жабайы шошқа, қызыл түлкі мен сирек те болса, қара түлкі кездеседі. Тарғыл тасында құлжа, марал жайылады. Одан әрі ақбас шыңда қабыланға кездесесің. Қыран-құстан: бүркіт, лашын, қаршыға, тұйғын, ителгі, сұңқарлармен қатар, ұлар, кекілік, шіл, сияқты ұсақ құстары өріп жүреді.


Алатау басын су көздерінің мәңгілік ресурстары болып табылатын мәңгі мұздықтар басып жатады. Оның бауырынан Ақсу өңіріне құлай ағатын Ақсу, Басқан, Сарқан, Бүйен, Қарасу сияқты күретамыр өзендері және басқада 50-ге тарта ірілі-ұсақты су көздері бастау алады.
Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік беткейіндегі қазаншұңқырда Аболин мұздығы орналасқан. Ол Бүйен өзенінің жоғарғы бөлігінде. Орман Бүйен өзенінің бастауында, солтүстікке қарай созылып жатыр. Климаттың біртіндеп өзгеруіне байланысты мұздық кішірейе келіп, үшке бөлінген. Жалпы аумағы 4,6 шаршы шақырым. Мұздықтың теңіз деңгейінен ең биік жері- Аболин шыңы (4051 м). Орташа қалыңдығы 90 метр. Көлемі 0,36 текше шақырым. Мұздық 1958 жылы Орта Азияны зерттеуші ғалым Р.И.Аболиннің есімімен аталады.


Ақсу өзені Жетісу Алатауының 4000 метр биіктігіндегі мұздықтардан бастау алып, Балқаш көліне құяды. Ұзынды- қысқалы 132 саласы бар. Ұзындығы 316 шақырым. Су жинайтын алабы 5040 шаршы шақырым. Жылдық орташа су ағыны Жансүгіров поселкесінің тұсында 11,2 текше м/с. Өзен жоғары ағысында тау аралық Қапал аңғарын кесіп өтіп, жазыққа шыққан соң көптеген саяз тармақтар мен арналарға бөлініп кетеді. Төменгі ағысында тарамдар, өзектер, көлдер мен батпақтар құрай отырып, Балқаш маңы жазығын кесіп өтеді. Өзен алабының мұз құрсану аумағы 139, көлемі 0,77 шақырым болатын 162 мұздық бар. Негізгі салалары: Сарқан, Қожамберлі өзендері. 1930 жылдарға дейін Ақсу өзені Балқашқа құятын, кейіннен суын ауылшаруашылығына көптеп пайдалануға байланысты Балқашқа жетпей, Құдымбай құмдарына сіңіп кетеді. Суы көктем мен жазда тасиды, осы кезде жылдық ағындысының 80 пайызы өтеді. Суы тұщы, минеральдар 0,2- 1,5 г/л аралығында. Минеральдары химиялық құрамы жағынан гидрокорбанат класының кальций және магнии тобына жатады. Суы егін, мал суаруға және техникалық қажеттіліктерге пайдаланылады.
Бүйен өзені осы Аболин мұздығынан бастау алады. Ұзындығы 120 шақырым. Су жиналатын алабы 1200 шаршы шақырым. Жылдық орташа су ағыны Сағабүйен ауылының тұсында 4,05 текше м/с. Суы тұщы (150-200 мг/л). Өзен арнасынан 12 канал тартылған. 1940 жылы Ақсу ауданының егіс алқаптарын суару мақсатында Бүйен суару жүйесі салынған. Оған Алатаудан шыққан Үлкен Бүйен, Орта Бүйен, Кіші Бүйен, Мұзбұлақ, Зәуре, Бүркітті және Салқынбел сияқты бұлақтардан су құйылады. Құрамында 3 бас тоған, 33,1 шақырымға созылған каналдары мен арықтары, 4 гидротехникалық қондырғысы бар.
Басқан өзені Сарқан және Ақсу аудандары арқылы өтеді. Атау «бас» (негізгі, үлкен), «қан» (өзен), яғни «бас өзен», «үлкен өзен» деген мағынаны білдіреді. Ұзындығы 137 шақырым, су жиналатын алабы 2,7 мың шаршы шақырым. Бастауын теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктегі Алатаудың Басқан мұздығынан алады. Терең шатқалмен ағатын өзен суының ағысы таудан шыға баяулап, арнасындағы түрлі тасынды тау бөктеріне шөгеді. Басқаннан 8 суару каналдары тартылған, 12,3 мың га. жерді суғаруға пайдаланылады. Төменгі жылғасы Аралқұм құмына сіңіп кетеді.
Ақешкі өзені Қызылағаштың сол саласы. Ұзындығы 92 шақырым. Су жинайтын алабы 847 шаршы шақырым. Жылдық орташа ағыны 0,43 м/с. Ошағанды тауынан басталып, Үшқара тауы етегіндегі құмға жете бере тартылып қалады. Ақешкі су қоймасы 1978 жылы іске қосылып, 462 га жерді суарады. Қойманың ұзындығы 2,2 шақырым, судың сиымдылығы 4,6 млн.м. 8 гидротехникалық қондырғы мен 1 бас тоғаны бар.


Бұрған өзені (Белтоған деп те аталады) Ақсу өзенінен тармақталып шыққан, ұзындығы 105 шақырым. Ақөзек стансасының солтүстік- батысында 14 шақырым жерде тартылып қалады.
Қызылағаш өзені Алатаудың батыс сілемі- Қаратаудан басталып, Молалы темір жол стансасының солтүстік батысындағы 25 шақырым жердегі Үшкөлге құяды. Аңғары кең, тік жарлы, ұзындығы 117 шақырым. Су жиналатын алқабы 2430 шақырым. Жылдық орташа су ағымы Қызылағаш ауылының тұсында 2,16 м/с. Суының булануы жоғары, құрамында органикалық заттар бар. Қызылағаш су жүйесі 1990 жылы 3 тоған арқылы 7000 га жерді суару үшін салынған.

Қазақстанда зейнетке шығу: зейнеткерлік жас және зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер

Белгілі бір жастағы еліміздің барлық азаматтарын мемлекеттің зейнетақымен қамтамасыз етуі туралы сұрақтар қызықтырады: зейнетақы дегеніміз не, зейнеткерлік жас?

20 Маусым 2019
«Жетісу» телеарнасына 20 жыл

Бүгін Талдықорғанда журналистердің кәсіби мерекесінің құрметіне және Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына орай салтанатты шара өтті.

18 Маусым 2019
Қазақстанда 70 мыңнан астам сәби проактив әдісімен тіркелді

Бұл туралы фейсбуктегі ресми парақшасында ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәлім етті. 

17 Маусым 2019
Сайт картасы Кері байланыс