USD 386.05
EUR 428.25
RUB 5.84
Погода в Жансугуров °C

Жердің аты- тарихтың хаты

Жердің аты- тарихтың хаты

Жолбарыс соққан


Балқаштың соңғы жолбарысы Ойтоған округіне қарасты елді мекен жеріндегі қалың қамысқа кіріп алып, мал- жанға маза бермейді. Зәресі ұшқан адамдар жиналып, орталарынан Саурық батырға тағы жүрегі мықты деген 4 жігітті қосып береді. Саурық қасына баласы Дауылбайды ертіп алады. «Балам, мен жыртқышпен алысқанда астында қалсам аударып жібер» дейді. Қамысқа жақындағанда өн бойын қыл арқанмен оратып, қолына селебе пышақ пен келдек ағаш ұстаған ол серіктерімен межелі орынға жақындағанда жаңа ғана бір өгізді жайратып, тояттаған жолбарыс күншуаққа арқасын бере ұйықтап жатыр екен. Сыбдырдан ояна сала батырға атылады. Екеуі апыр- топыр алыса түскенде Саурық жолбарыстың аузына келдекті тістетіп, екінші қолымен жүрек тұсынан селебені ұрып үлгіреді де, айқасқан күйі жанындағы қара судың қата бастаған қабыршық мұзын жара құлайды. Мұны көрген жігіттер шегіншектеп кетеді де, Дауылбай ғана қызыл қанға боялған суға түсіп, жолбарысты аударып, әкесін тұншықтырмай аман алып қалады.
Жағаға шыққан соң есін жиып біраз отырады да баласына: «Бұл ара енді Жолбарыс соққан аталады. Мен болған жайды жазып, осы жерге көміп кетемін. Ол жайында қартайғанша ешкімге тіс жарып айтпа, кейін балаларыңа айтарсың» дейді.
Екеуі ауылға барып қонады да, ертеңіне өгіз арба әкеліп, жолбарысты сойып, терісін алады. Күрекпен тізеден жер қазып, ішінде қағазы бар құмыраны төбеге көмеді. Шындығында содан былай ол жер «Жолбарыс соққан» аталады.

Сатан


Ақпатшаның Тасбекеттегі әскері ауылдардан жылда күш- көлікке 10 жылқы, тамаққа 20 сиырдан алып тұрған. Оған ешкім қарсы тұра алмайды. Сол кезде «Діңгек» ауылында Жаншабайұлы Еңсебек батыр тұрады. Ол- сойылға мықты, ұзын бойлы, кең иықты қара сұр кісі болса керек, басына қысы-жазы ақ шүберек байлап алады екен де, таң қылаң бергеннен «Бесжігіттің» биігіне шығып, ауылды шолып отырады. Ары- бері өткен атты адамдар оған міндетті түрде келіп, сәлем беріп, жөнін айтып кетеді. Әйтпесе, «сен ұрлық жасағалы жүрсің» деп сабап тастайтын болған. Еңсебектің мінетін сары аты өзінен басқа тірі жанға ұстатпайтын, жүйрік те, есті жануар болыпты. Оны жайдақ мініп келіп, жүгенін сыпырып алып, Ақсудан өткізіп жібереді де, өзі кейін қайтып, жарты жолдан тосып отырады. Сары ат түн қараңғыланғанда солдаттардың жайылып жүрген жылқысының бір үйірін алдына салып, айдап келеді. Оларды ауылдың Еңсебек бастаған тағы төрт-бес жігіті қуғаннан қуып, Балқаш көлінің бойындағы «Үштөбе» деген жерге апарады да, басқа жылқыларға айырбастап алып қайтады. Осылайша сары ат елдің малын талай рет орнына қояды. Одан секем алған солдаттар сезіктеніп, соңына түскенде қашқан бойы арғы бетке асып кетеді. Содан 3 жылдан соң 1912 жылғы жұттан малы қалмаған ауылға бір үйір моңғол тұқымдас жылқымен оралады. Өзі де кәртейіп, ақырғы демі үзілгенде ел оны Есеболатов ауылдық округіне қарасты тау бөктеріндегі беткейге адамша арулап, жерлейді. Сары атты ұстай алмаған патша солдаттары таңданып, ойда жоқта сан соқтырып кететін жануарға «Сатана» (яғни, «шайтан» деген мағынада) деп ат қойған. Орыстың тілін түсінбеген жергілікті қазақтар «Сатананы» өздерінше «Сатан» атап кеткен.
«Сатанда» алма бағы бар, онда күні бүгінге дейін сары алма өседі...

Қарала көпір


«Жібек жолы» керуендері Қапал мен Ақсудың арасында жоңғар тауынан тек «Қисық ауыз» асуы арқылы жүрген. Ең қиыны «Бие сыймас» аталатын тік те, шұғыл бұрылысты иінде үлкендігі үйдей қақпа тастар тұрған. Жолаушылар көлігі ол жерден әрең өтетін болған. Қазақтың біртуар ұлдарының бірі, ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов өзінің «Қашқария сапары» атты еңбегінде Ақсуға қонғанын, ақпатша әскерінің Тасбекеттегі қолбасшысы Абакумовты тосып жатқанын, оның аз ғана қопарғыш жұмсап, Қапал мен екі ортадағы тау жолындағы шатқалдың жартасын жарғанына қуанып келгенін жазады. Жол шамамен 1856 жылы Жетісу губернаторы Гасьфордтың Қапал, Лепсі уездеріне келу құрметіне солдаттардың қол күшімен жасалған болатын. Губернатордың атына тілі келмеген қазақтар оны «Қарала көпір», немесе «Солдат сайы», «Қисық ауыз» атаған.

Солдат қырған


1928 жылғы байлардың мал- мүлкін кәмпескелеу кезінде барынан айрылған би, болыстар елін алып, түн жамыла арғы бетке үдере қашқаны белгілі. «Қарасырық» жайлауынан арғы бетке өтер терең сайда қызыл әскер осындай жүзге тарта отбасын бала- шағасына дейін қалдырмай атып тастаған жер «Солдат қырған» аталады. Кеңес үкіметі кезінде шаруашылық малдары жылда жазғы жайлауға шығатын, онда малшылар слеті өтетін. Оған журналист ретінде мен де қатысып қайтатынмын. Сонда көргенім- сай табанында әлі күнге аппақ боп қураған адам сүйектері жататын.

Ыбырайым сайы


Кәмпеске кезінде ел сыйлаған билер мен қажылар да қуғынға түскенін білеміз. Солардың бірі- арысы күллі Жетісуға, берісі Қапал, Суықсай, Арасан аумағында түрлі дауларды шешкен би (қазіргі Қызылжар ауылында тұрған) Ыбырайым қажы сексенге таяған шағында «итжеккенге» айдалғанша арғы бетке қашуға мәжбүр болады. Әйелі Дәмеш зор денелі кісі екен, «соңымыздан қуғыншы түссе сен қаша алмайсың, бір немереңмен қал» дейді де, оны 4 жасар Қанымбикемен тастап, өздері түн қараңғысында аттанады. Ата қонысын соңғы рет баспақ болған қажы баласы Мырзатай мен бірге туысқан Мүсеке бауырын, оның баласы Бәкенді басқа жолға салып, өзі аталарынан қалған жайлауымен жүреді. Оны сезген милиционер Курносов соңына түсіп, терең сайға келгенде алдымен атын атып, өзін қылышпен турап тастайды. Ол араны жұрт «Ыбырайым қажы сайы» атаған, Бәкендер 1956 жылы Қытаймен шекара уақытша ашылғанда елге қайтып оралды, ұрпақтары Арасанда тұрады.

Тамшыбұлақ


Аты айтып тұрғандай Қапал ауылының ортасындағы өзектің жарқабағынан бұлақ суы көз жасындай мөлтілдеп шығып жататын ара осылай аталады. Тамшыбұлақты алғаш рет зерттеп, сол туралы тарихи деректерді 1856-65 жылдары атақты саяхатшы, этнограф Ш.Уәлиханов жазған. Бұл бұлақтың суын халық көне заманнан бері әр түрлі ауруларды (асқазан, көз, жүйке, сүйек- буын, т.б.) емдеуге қолданған. Марқұм Марат Алыбаев ауыл әкімі болып тұрғанда Алматыдан ғалымдар алдырып, суының денсаулыққа өте пайдалы екенін қазіргі жетілген ғылыми тұрғыда анықтаған құжаттар дайындады. Ол жерден минеральды су шығаратын кәсіпорын салуға болатыны да анықталды. Олай болғанда алыс жақтың сусынын сатып алғанша одан сапасы артық болмаса, кем емес өзіміздің өнім арзанға түсер еді. Бірақ бұл шаруа келешекте шешімін таба жатар...

Қосбатыр


Қарашілік ауылдық оркугінің солтүстік батысындағы киелі орынға жоңғарлармен болған Аңырақай шайқасында ерлікпен қаза тапқан көлдей- жұмай руынан шыққан атақты түменбасы Шоңай батырдың Назар, Нартайлақ атты ұлдары жерленген. Олардың мәйітін 1729 жылы сонау Балқаш бойынан түйеге артып әкеліп, өздерінің туған жеріне қойған. Ол жөнінде ақын Жамау Бұқарбай зерттеп, «Назар- Нартайлақ» поэмасын жазды («Пері қызына хат» кітабында). 1993 жылы ауыл адамдары қос есікті, кіре берісіне қос қалқан мен найза орнатылған кесене тұрғызып, батырлардың рухына бағыштап ас берілді. Жердің қасиеті- қотыр малды апарып түнетсе, жазылып кетеді деседі.

Үңгірбай жазығы


Суықсай мен Ащыбұлақ ауылының ортасындағы кең жазықтың ортасында үлкендеу төбе бар. Ол жерде емелелі руының ақылшысы Үңгірбай ата ХҮІІІ ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың басында өмір сүріпті. Таудағы таңбаларды, тастағы жазуларды оқи білген, артына шежіре қалдырған кісі. Оның қалдырған мұрасын құдасы Дәулетбай Мұсабеков Қытай еліндегі қазақтардың қосуымен толықтырып, сақтап келген. Дәулетбай ақсақал өз заманының сауатты азаматы болған, Қытайда қазақ мектебін ашқан кісі, 1956 жылдан бастап елге оралған қандастарымыз сол атамыздың мектебінен оқығанын әлі күнге айтып отырады. Дәулетбайдан алған шежірені Кеңес үкіметі кезінен жинақтап жүрген ұрпағы Үңгірбай атаұрпағы Еркінбай Бестібаев 2005 жылы кітап бастырып шығарды. Төбеде тұрып қарасаң Үңгірбай ата қыстауы, жайлауға асатын көш жолы, басқа да айналаның бәрі алақандағыдай көрінеді. Ол қайтыс болғанда ұрпақтары биік күмбез тұрғызған, бірақ орыстар бұзып, кірпішін үй құрылысына пайдаланған. Солары жақпай үй- ішімен қырылғаны туралы, 1919 жылы ішкі Ресейден шегінген ақтар Саурықов деген баланы (кейіннен Ащыбұлақ бөлімшесін басқарды) аңша атқылап қуғанда осы кесенеге кіріп құтылғаны жайында аңыздар көп айтылады. Қасиеті сондай- бала жанұшырып атымен күмбезге кіріп кеткенде соңына түскен қуғыншы солдаттар қанша үңіліп қарағанмен көздері байланып, алдындағы атты баланы көрмеген ғой. Содан былай ол жерден жүрген салт аттылар үзеңгіден оң аяғын алып өтетін болған.

Алтынарық


Жансүгіров поселкелік округіне қарайтын бұл жердің аталуы көріпкел Көтен Тәуіп әулиемен байланысты. Бізге жеткен жазбаларға қарағанда шешесі жас нәрестеге босана алмай қатты қиналғанда жолы түсіп, Лепсідегі Қоңырбайұлы Көтен Тәуіп бабамыз (сол кезде 37 жаста екен) келе қалады да, аман- есен туғызып алады. «Бұл тегін кісі болмады» деп ойлаған әкесі Байғотан ұлының атын қонақтың құрметіне осылай атайды. Бала өсе келе ақшора- шаппа руына басқалқа болып, ХҮІІ ғасырдың аяғында елін қазіргі Алтынарық аталатын жерге орналастырады. Ақсу өзенінен ауылға дейін 12 шақырым жерге өзі шыбықпен із салып, соңынан адамдарына арық қаздырады. Бүгінде оның ұрпақтары осы тоғанмен егінін суарып, жағасында малын өсіріп отыр. 1993 жылы Алтынарық ұжымшарын басқарған Жанат Тойшыбековтың ұйымдастыруымен Көтен Тәуіп бабамызға кесене тұрғызылып, оның басына емделуші ел Қазақстанның төрт түпкірінен арнайы келіп басына тәуіп етіп қайтады.

Қарағаш


Маман- Тұрысбек әулеті Алтынарықты мекендеген ақшора- шаппалардан осы жерді(«Мамания» медресесінің орнын) сатып алып, онда 1899 жылы 4 сыныптық, 1909 жылы 9 сыныптық атақты «Мамания» медресесін салдырған, байлар мен бірге кедейлердің ұл- қыздары оқитын пансионат ашқан жер. Олардың отырғызған қарағаштары әлі күнге дейін өсіп тұр. Өскен әулеттің бабалары жерленген бұл арадағы ескерткіш балбал тастар 1993 жылы қоршалып, 1999 жылы «Мамания» медресесінің 100 жылдығы Біріккен Ұлттар Ұйымы көлемінде аталып өткенде үкімет 3 миллион теңге бөліп, мектептің орнында қалған іргетасы, Маман қажы қорымы деректі киноға түсірілді.

Діңгек


Есеболатов ауылдық округінің орталығындағы ескі мектептің орнында 1960 жылдарға дейін таудың қатпар тастары жататын. Ол жерде шамамен ХҮ ғасырда өмір сүрген қытай ханының қызы жерленгенін академик Әлкей Марғұланның зерттеулерінен («Ескерткіштер еліне саяхат», 8- ші бет. Алматы. «Өнер» баспасы. 1994 жыл.) білеміз. Хан қызының кесенесін Қайракөл тауынан ауылға дейін адамдарды қатар- қатар тұрғызып, тастарды қолдан- қолға беру арқылы жеткізген, олардан биіктігі қырық құлаш мұнара қалатқан. Халық аузында: «Белгісіз бір мезгілде күннің көлеңкесі түскен ұшында хан қызының алтын бұйымдары қоса көмілген» деген де аңыз бар. Бірақ қай мезгіл, не қандай уақыт екенін ешкім білмейді. Қазба жұмыстары жүргізілгенде ешқандай асыл заттар табылмаған. «Дың»- орта ғасырдағы мұнара тәрізді, ортасы қуыс келетін діни құрылыстың атауы, «гек»- тас дегенді білдіреді. Екі сөз бірігіп, кейін Діңгек деген бір атауға ие болған. Осылайша ол жердің «Діңгек» атауы қаншама заман өтсе де әлі күнге сақталып келеді.

Шадай жазығы


Тастан қаланып жасалған дөңгелек діңгектің орны қазіргі Көкөзек ауылының Ақсу өзеніне жақын жерде де болған, ол «Ордабай кесенесі» аталған. Оны кезінде Ақсу жерінен өткенде ғалым Шоқан Уәлиханов арнайы тоқтап, зерттеген. Ал, Әлкей Марғұлан: «Тастан жасалған дөңгелек үйлердің архитектурасын ту баста ойлап, жасаған- сақтар, ғұндар, үйсін, қаңлылар. Түрік қағанаты кезінде олар бұрынғыдан да көркейе түсті. Мұны әдемілеп пайдаланған қыпшақтар мен оғыздар» деп жазады. Тарихтан мұндай зәулім ғимараттар мен мұнаралар жау қарауылдау үшін пайдаланылғаны да белгілі. Оған жақын, әрі сырт көзге көріне бермейтін ойдағы қалың бұталы жерге әскер шатырлары орналастырылған. «Шадай» жазығы да жаугершілік заманда осындай қызмет атқарған көрінеді. Қалмақтың «шадай» сөзі- «тоспа, жол айырығы» деген мағынаны білдіреді екен. Осы маңда еңселі төбелер де бар, ол жер «Үш төбе» деп аталады. «Төбе»- қазақтың сөзі. Бұл орайда мынандай ой келеді: Қазақтар мен қалмақтардың түп атасы бір, екеуі де тәңірлік дінге табынған Көктүріктің тұқымы. Кейіннен мұсылмандық келгенде көшпенді қазақтар ислам дінін қабылдап, қалмақтар бұрынғы дінінде қалғандықтан «қалмақ» атанған. Қазақтың төбесі де- алыстан мал, жүргінші қарайтын жер. Дін бөлген екі халық ақыры бірін бірі аямай қырғаны «Ақтабан- шұбырынды, алқакөл- сұламадан» белгілі.
Сулы, көлеңкелі кең жазықта кеңестік дәуірде үлкен тойлар, атшабыстары өтіп тұрды.

Рай көлі


«Рай» аталатын ауданда екі жер бар. Біріншісі- Есеболатов ауылдық округіне қарасты Қызылқайың ауылының шығысындағы кең жазық, қақ ортасында жартылай құлаған күмбез тұр. Оны Матайдың Аталығынан тарайтын Қонақбай- Тәуке руының белгілі аталарының бірі дейді. Одан: «Танысаң- Райыңмын, танымасаң- құдайыңмын» деген мәтел қалған. Екіншісі- Құрақсу ауылдық округінің жеріндегі сортаң батпақты көлдің маңайындағы жер. Онда да кесене бар, кесене мен көл атауы Рай атты әйел есімімен аталады. Көлдің батпағының емдік қасиеті мол болғандықтан, жаз айларында оның басынан арнайы іздеп келген емделушілер арылмайды.

Ежен жотасы


Жансүгіров поселкесінен Ақсу ауылына барар жолда «Ежен» жотасын қар басып қалыпты дегенді жиі естиміз. Шындығында жел көтерілсе болды, басқа жерде жоқ боран осы жерде соғады, қыста жолды жапқан қардың биіктігі 2 метрге дейін жетеді. Жотаға жеткенше ауа райы бір бөлек, одан асқан соң басқаша өзгеретін ол климаттық белдеу болып табылады. Бұл арада Шыңғысханның жорығынан кейін, Жошыханның Батудан кейінгі баласы Еженхан ордасын тіккен. Ежен Ордасына Ертіс өзенінен бергі аймақ- қазіргі Алакөл, Сарқан, Ақсу, Көксу аудандарының жері қараған.

Сексенбай бұлағы


Молалы ауылдық округінің Алажиде стансасынан өткендежолдың оң жағында «Сексенбай ата бұлағы» бар. Ел аузындағы аңызда ол кісінің кесенесі тоқсан серкенің жүні мен майы араластырылып жасалған кірпіштен қаланған. 1871 жылы туылған ол өмір бойы орыстың әділетсіз ояздарымен айқасып, аталы сөзге тоқталғысы келмеген қазақтың ру арасындағы дау- жанжалдарын күшпен басып отырған (Жамау Бұқарбай, «Мұң шағады мазарлар» 1980 жыл). Сексенбай батырдың басына ұрпақтары 1991 жылы белгітас қойды. Тірі кезінде ешкімнен жеңілмеген батырдың қасиеті сол- қазір де кесенесінің қасынан оны мазақтап, атпен шауып өткен адамдарды жазым етеді деген әңгімелер бар. Адал ниетімен тәуіп етіп келушілерге көмектеседі. Қасында 2 бөлмелі қонатын үй, шырақшысы жазушы Ғали Ормановтың жиені Оразалы Бұраханов деген азамат. Бұлақ жанындағы «Сексенбай ата бұтағына» адамдар ақтық орамал байлап аттанады.

Күйгентам


Қызылту ауылдық округіне қарасты Қопа елді мекені мен Ақсу ауылдық округінің шекарасындағы «Сүттіген» деген жерде Қалқабайдың ұрпағы Тәңірберген қажының қыстауы болған. Кәмпеске кезінде олар арғы бетке өтіп кетіп, артынан жігіттері қайта келіп қызылдармен соғысады да, кері аттанарда «Байлығымыз жаңа үкіметке қалғанша жанып кетсін» деп үйлерін өздері өртеп кетеді. Содан былай ол ара «Күйген там» аталады. Кеңес үкіметі кезінде онда Чапаев атындағы мамандандырылған ауданаралық мал бордақылау бірлестігінің мүйізді ірі қаралары бағым- күтімде тұрды.

Қапал


ХҮІІІ - ХІХ ғасырда қазіргі Қапал ауылының ортасынан Қопалы өзені ағатын болған. Патшалық отарлау кезінде, дәлірек айтқанда 1847 жылы ақпатшаның солдаттары бекініс салғанда, оны «Копальское укрепление» деп атаудың орнына «Копальское» деп қысқаша атаған. Орыс тілінде «о» дыбысы сөйлегенде «а» болып айтылады, содан «Копал» сөзін жергілікті тұрғындар тілі келмегендіктен «Қапал» деп айтуға дағдыланып кеткен.

Ешкіөлмес


Көшкентал ауылының жоғарғы жағындағы Маман- Тұрысбектің жазғы жайылымы, ел аузындағы аңыздарға қарағанда байдың бір топ ешкісі қыстың күні боранда адасып қалып, содан көктемде тірі, туған лақтарын ертіп жүрген кезінде тауып алады. Содан «Ешкіөлмес» атаныпты, ол тарихта 1894 жылы атақты Біржан сал мен Ақын Сара айтысы өткен жер ретінде қалды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін оған барар жолдың бойында Сара Тастанбекқызы қасындағы 7 жеңгесімен жағалай жайғасып, іс тігіп отырған ескерткіштері бар еді. Балалар таспен атқылап құлақ, мұрындарын сындырып, ақыры облыс хатшыларының нұсқауымен Арасан- Қапал курортына келетін үкімет басшыларының көзіне түсіргісі келмеген ауыл белсенділері ескерткіштерді бір түнде бульдозермен жерге көмгізіп тастаған. Оның орнына тоқсаныншы жылдарға дейін шөп шықпай жатты...

Тілеукенің қонысы


Арасан ауылына қарасты Баласаз деген ауылға жақын Матайдың емелелі руынан шыққан Тілеуке қажының ата қонысы осылай аталады. Тілеуке- елдің көрген түсін дәл болжайтын және өзінің көрген түсі қате кетпеген қасиетті адам болған екен. Тіпті өңіндегі кейбір жайларды да болжап отырған. Суықсай ауылында «Шақай айтыпты» деген сөз бар. Оның мағынасы мынады: бір жалғыз басты кемпірдің Шақай атты ұлы болыпты. Түгі жоқ бала қақпан құрып, күндерін көреді екен. Бірде қақпанға қара түлкі түскенін көреді де, Тілеукеге жүгіреді. «Балам, саған бақ қонайын депті. Бірақ бүгінгі көргенің түлкі емес, қайта бар да тура сол жерге қақпаныңды құр. Түнде маңдайы мен құйрығында ақ ноқаты бар шын түлкі түседі. Оны ұрып ал да, қазанның астына төңкеріп қойып, маған кел» дейді. Бәрі солай болып шығады. Тілеуке балаға бата береді. Ұзамай бала байдың қызына үйленіп, байып, ақыры сол маңды билеген адам болып шығады. Ел ол тұрған жерде: «Шәкең сөйлесін, Шәкең не айтады?» дейтін болған. Тілеуке ХХ ғасырдың басында Мекеге қажылыққа барғанда түсінде жаратушы аян беріп, ертеңіне қасындағы серіктеріне сол қасиетті жерде дүниеден өтетінін айтады. Шындығында мұсылмандық парызын өтеп болып, қайтуға жиналғанда қайтыс болады да, жарықтыққа топырақ Мекеден бұйырады. Бірге барған серіктері Тілеуке қажыныны жерлеп, жетісін беріп, бірақ қайтады.

Маманның Ақтастысы


Атақты Маман бай басында орта қолды шаруа болса керек, кешкісін мал қоралауға тас қораға кірсе қақ төрде ошақтың орнындай жанып тұрған отты көреді. Жалмажан кездігімен бір қойды шалып жіберіп, қанын отқа шашыратады. Сөйтсе, әлгі көргені қанға тоқтайтын көшпелі алтын болып шығады. Содан бастап байдың малы өседі, алтынын баласы Тұрысбек саудаға жаратады. Оны естіген жақын ағайыны Есімбек Тұрысбекке қиянат жасамақ болады. Сонда Маман екеуін шақырып алып, таудың ақ тасын ұстап тұрып: «Есімбек, сен ештеңеден тарлық көрмейсің, тек Тұрысбекке тиіспе. Ал Тұрысбек сен қашанғы бауырыңнан бой тасалап жүресің, Есімбектің бар қажетін өтеп тұр, жылдағы соғымына шейін сенің мойныңда. Бұдан былай көңілдерің тастай ақ, сенімдерің тастай берік болсын» деген екен. Тау халқы бірін- бірі өлтіруге дейін бел буған ағайын арасындағы татулықты сақтауда Маманның екеуіне берген кеңесін, содан баласы жаман болмағанын, басқалар үлгі алу керектігін әлі күнге айтып отырады. Сол әңгіме өткен жер- Маманның Ақтастысы аталады.

Сайынбөлек пен Баянжүрек


Қапалға барар жолдағы «Сайынбөлек», «Баянжүрек» таулары туралы әр түрлі дерек айтылады. Біріншісі- «Қозы көрпеш- Баян сұлу» эпосындағы қыздың әкесі Қарабай осы жерді мекендеген, содан қызын алып қашып, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Аякөз ауданына қарасты Таңсық деген жерге көшіп кеткен деседі. Екіншісі- баяғы заманда Қоңтажының Баян атты сұлу қызы «Ақадыр» деген жерде жылқы жайып жүргенде қалмақтың Сайынбөлек деген батырын көріп ғашық болады. Жігіт жағы қызды айттыруға келсе, қарсы болған әкесі батырларын жабылдырып, сабатып тастайды. Оған қорланған Баян осы таудың жақпар биігінен құлап өліпті дейді. Үшінші дерек- бұл сөз моңғолдың «баян»- бай, «зураг»- сурет деген сөзді, немесе «Суретті жазуға бай тау» дегенді білдіреді. Шындығында жоңғар тауының басқа сілемдерінен бөлектеніп тұратын бұл екі таудың да жақпар тастарында сыры ашылмаған орхон- енисей жазулары көп.

Темірбектің тұмасы


Жоңғарлармен соғыста аты ұранға айналған Бөрібай батырдың немересі, өзі де 1723-1756 жылдарғы «Ақтабан- шұбырынды» кезінде Қабанбай батырдың туы астында жауға қарсы соғысқан Қаптағайдың Бікен руынан шыққан Аманжол батыр тарихта қалған адам. Оның айбалтасы мен кісесі әлі күнге ұрпақтарында сақтаулы көрінеді. Сол Аманжолдың туып- өскен жері, қазіргі Баласаз ауылына жақын маңдағы түрлі жеміс- жидек пен ағаштар өскен шұрайлы өңір «Темірбектің тұмасы» аталады.

Бисекенің кезеңі


Қызылту ауылдық округіне қарасты Сүттіген елді мекені кезінде талай қазақтың біртуар ұлдарының өскен жері еді, амал қанша тоқырау жылдары тұрғындары қалаға көшіп кетіп, ауыл тарады. Қазір адам аттары түгілі, бүтін ауыл ұмытыла бастады. ХХ – шы ғасырдың бас кезіне дейін Сүттігенде ел басқарған Бөрте руынан тарайтын атақты Сареке қажы, Бисеке деген ағайынды адамдар өмір сүрген. Бисеке қысқа мал азығын дайындағанда өз малын ғана ойлап қоймай, ат шалғымен маңайдағы бар шабындықты шаптырып, шөбін жинай береді екен. 1912 жылы қатты жұт болып, ұзаққа созылған қиын қыста Бисекенің неше жыл жинаған шөбін Ақсудың бар ауылы ғана емес, көршілес Сарқан қаласынан да орыстар келіп алыпты. Ескі маяларды сатпай- ақ, тегін үлестіреді. 1928 жылғы кәмпескеде басқа байларды тегіс жер аударғанда Бисекені кедейлердің қазақ, орысы бар шуылдап, айдатпай аман алып қалады. Сол жақсылығының қайтарымын көрген ел байлардан тартып алынып, өкіметке өткен шабындықтарды «Бисекенің кезеңі» деп атаған.

Абдыра бекеті


Қазіргі Ақсу ауылы төңкеріске дейін осылай аталған. Себебі ол жермен «Ұлы Жібек жолы» өткен, керуендердің жүк, тауар салған абдыралары ( «сандық» деген мағынаны білдіреді) түсіріліп, саналған және саудагерлер жан- жақтағы ауылдардан базаршылап келгендерге сауда жасаған. Маман- Тұрысбек олардан салық алып отырған.

Қызылорақ


Кеңестік дәуірдің отызыншы жылдары ұжымдастыру басталғанда қазіргі Қаракөз ауылының белсенділерінің бірі- Жұмағұл Шолпанбаев деген кісі 20 орақ әкеліп, ұжым мүшелері салтанатты түрде астық жинау науқанының ашылу рәсімін жасап, ұжымшардың алғашқы егінін орады. Әлі аты қойылмаған ұжымға «Қызылорақ» атауы беріледі. Бүгінде осы ауылдағы мектеп- «Қызылорақ» орта мектебі болып аталады.

Үлгілі


Айналасы құм, егіндігі жоқ бұл жерге сталиндік қуғын- сүргін кезінде қылмысы дәлелденбесе де, «осы күдікті- ау» деген адамдар жер аударылған. Солар жинала келе шағын ұжымшарға бірігіп, мал өсіріп, ауданда үлгілі ауылға айналады да «Үлгілі» ұжымшары аталады. Үлгіліде бар саналы ғұмырын өткізген Төкіш Садырбаев ақсақал (Ілияс Жансүгіровтың бірге өскен досы) өзінің қалтасының түбінен 3 бидай дәні шыққаны үшін басында осы жерге көшірілгенін, 2 айдай сұрақта жүріп, ақыры 1933 жылы 10 жылға Сібірге жер аударылғанын айтып отыратын.

Қарасай


Энергетик поселкесінің жоғарғы жағындағы ұзындығы 5 шақырымдай тау ішіндегі сайда биіктігі 50 метрдей жерде көлемі үйдің орнындай қоржын үңгір бар. Оның маңайындағы тастарға әртүрлі жануарлардың суреттері салынған, бізге белгісіз әріптермен жазылған сөздер де бұл жерде ғұн заманынан бері адамдар тұрғанын, олардың да жазу- сызуы болғанын дәлелдейді.

Әулиетерек


Жоңғар тауының «Жыланды» аталатын аңғарында өскен бұл теректі ел қасиетті ағаш атайды. Оның жанында арба жасауға лайық жіңішке де, ұзын сырғауылдар өседі. Оларды кескенде Әулиетерекке тиіспейді, ертеректе оны білмей бұтағын шапқан біреулердің жазым болғаны жөнінде әңгімелер де сақталған.

Молалы


Ертеректе жалайырлар мен наймандардың ауылдары іргелес қоныстанып, араларында белгі болып тұрсын деген Ақтілес руының жігіттері оншақты түйме мұнара тұрғызыпты. Оларды алыстан көргендер «Молалы жерде ел болады» деп, бұрылатын болған. Содан бері осы атау қалыптасып кеткен.

Қарасырық


Жайлау аты, онда кілең биік те, түзу қарағай өте көп өсетін болғандықтан «Қарасырық» аталған. Кезінде байлар оның қарағайын алдырып, мешіт, тұрғын үй салдырған. Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін Ақсу, Діңгек, Кеңжыра сияқты ауылдарда сауат ашу мектептері мен кеңсе ғимараттарының құрылысына да тау қарағайлары пайдаланылды. «Қарасырық»- 1991 жылы кеңшарлар тарағанға дейін «Діңгек» кеңшарының жайлауы болды.

Жота


Қаракөз ауылының іргесінде ағып жатқан Басқан өзенінің жағасынан басталатын жалпақ төбедегі егістікке Ұлы Отан соғысы жылдары ауылда қалған қарттар мен әйелдер төбені жағалата қиялай тоған тартып, иін болып келетін кей жерлерге талдан тоқыған тоспалар құрып, өзен деңгейінен 10-15 метрдей биіктікке су шығарған. 400 гектардай егістіктің күн шығыс жағында үлкен қырман жасаған.

Тарас


Қарасу ауылдық округіне қарасты бұл елді мекен де тарихи орын екенін екінің бірі біле бермейді. 1695 жылы қалмақтың Қапал батыры 50 мың қолмен өзінің ата- бабалары бір кезде қоныс еткен осы жерді тартып алуға келеді. Оған Бөрібай батыр 40 мың қолмен қарсы шығады. Алдымен Қапал мен Бөрібай батырлар жекпе- жекке шығады да, Бөрібай қалмақтың қолбасшысын өлтіреді. Басшысыз қалған қалың қолды қазақтар қыруға кіріскенде, олар Бөрібайдан өздерін тірі жіберуді өтініп, енді бұл жерді сұрамауға ант береді. Сөйтіп, бәтуаға келген екі жақ үлкен қантөгіссіз тарасады да, ол жер «Тарас» аталады.

Бұлан


Кеңес үкіметін орнату кезінде Ақсудан шыққан қызыл төңкерісші Қабыланбек Бұланов бандылардың қолынан қаза тапқаннан кейін оны мәңгі есте қалдыру мақсатында Ақсу ауданында алғаш ашылған 3 кеңшардың біріне ( қазіргі Ойтоған ауылдық округіне қарасты жер) «Бұлан» есімі берілген. Ол басында өзі кеңшар болып құрылғанмен жол қатынасы қиын шалғайда қалғандықтан ұзамай небары 7 жылдан соң тарап, кейіннен негізінен қой өсірумен шұғылданған «Қызылтаң» кеңшарының №3 бөлімшесіне айналды.

Алқалы


Жиырмасыншы жылдардың басында құрылған жарлы- жақыбайлар мен кедейлердің «Қосшы» ұйымдары тарап, 1928 жылы жаппай ұжымдастыру басталғанда аудан орталығына шақырылған әр ауылды басқаруға ұйғарылған белсенділердің бәрі өздерінің ұжымшарына Ленин, Сталин, Молотов сияқты белгілі қоғам қайраткерлерінің атын беруге таласса керек. Сонда Дуан Қыдырбай деген кісі: «Көсемдер бәрімізге ортақ болуға тиіс, біз ауылдағы халықты жинап, алқалы жиын өткіземіз де, ұжымшардың атын көпшілік болып ойластырып қоямыз» деп қайтып кетіпті. Ақыры ол сөз ауылдастарының да көңілінен шығып, ауылды «Алқалы» атайды. 1936 жылы ауданға үкімет басшысы Ораз Исаев келгенде осы жерде малшаруашылығын дамыту жөнінде алқалы жиналыс өткізеді. Онда кеңес үкіметі тарағанша Жансүгіров атындағы кеңшардың товарлы- сүт фермасы отырды.

Қараүңгір


Жетісу Алатауының солтүстік сілемінде, Қазақстан мен Қытайдың
Ақсу жерінен өтетін шекарасында орналасқан асу. Оны жыл бойы мұз басып жатады.Бсқан өзені осы арадан бастау алады, өзеннің басынан атпен өтуге болатындықтан арғы бетке барып- келушілер оны бұрыннан асу жолы ретінде пайдаланған.

Күреңбел


Жетісу Алатауының Мыңшұңқыр жоталарының солтүстік етегінде, теңіз деңгейінен 1516 метр биіктікте орналасқан жайлау. Оңтүстіктен солтүстікке қарай еңістеле келіп, Баянжүрек тауына тіреледі. Батысында Қапал, шығысында Бүйен өзенімен шектеледі. Жайлауды қысқа, қатарласа ағатын бірнеше шағын өзен басып өтеді. Орманды дала зонасында жатыр. Топырағы- қорда араласқан қаратопырақты, кей жерлерде алыстан күреңденіп көрінетін таудың қызыл топырағы кездеседі.

Жалтыржон


Балқаш көлінің оңтүстігінде, Ақсу мен Лепсі өзендерінің арасын алып жатыр. Жалтыржонның құм төбешіктерінің биіктігі 3 метрге, ал жондарының төбесі 15-40 метрге жетеді. Жыңғыл, шеңгел, жусан мен айрауық өсетін бұл арада мал көктем, қыс айларында жайыла береді.

Арасан


Арасан- барлық жерде емдік қасиеті мол шипалы сулар шығатын жер атауы. Қапал – Арасан да құрамында көмір- қышқыл газды, көмір сутекті, түрлі органикалық заттары бар шипалы суға жатады. Оның құрамында темір, мышьяк, марганец, қалайы, бромды йод, радон кремниилі ерітінділер бар. Организмге тигізетін әсеріне қарай оның суын пайдалану жолдары да әрқалай. Құрамында түрлі тұз ерітінділері аз Арасан суын асқазанды емдеуге пайдаланса, тұз ерітінділері көп суларымен сүйек, буын, жүйке мен қан тамырлары ауруларын емдейді. Арасанның мұндай қасиеттерін жақсы білген жергілікті шығыс халқы оны 1859 жылдан бері емге қолданған. Кеңес үкіметі кезінде курорт салынып, жылына 2000- нан астам адам емделіп тұрды. Оның кешенді ғимараттарын салуға және көріктендіруге, Арасанға баратын асфалльт жолды жасатуға сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев көп еңбек сіңірді. Соның арқасында курорт одақтық мәртебе алды. Ол жерде Д.А.Қонаев, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ғ.Мүсірепов сынды қазақтың біртуар ұлдары демалып, емделген. Қазір «Еркін- Арасан» сауықтыру кешені жұмыс істейді.

Кіндікқоңыр


Қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтың туған жері «Кіндікқоңыр» деп аталады. Ақын туғанда кіндігін атасы Берсүгір кескен екен. Немересін өсе келе «қоңыр қозым» деп еркелетеді. Осы екі атау бірігіп, ел ол жерге «Кіндікқоңыр» атауын берген. Ол жерде ХҮІІІ ғасырда Ілиястың бабасы Қайнар батыр ту тіккен. Берсүгір үш жүздің билерінің басын қосып, ел бірілігі жайында кеңес өткізген. 1994 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойы құрметіне қызыл граниттен ескерткіш орнатылып, басына бөрік киген Ілиястың мүсінінің астына Берсүгірдің «Құз қабақ, қыран мұрын» деген арнау өлеңі жазылды.

Жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық

Ақсу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер Басқармасы жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жүргізуге байланысты келесіні хабарлайды. 

21 Тамыз 2019
Азаматтарға арналған үкімет «Мектепке жол» акциясын өткізді

Жаңа оқу жылы қарасаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларды қолдау мақсатында республикалық «Мектепке жол» акциясын өткізді.

 

15 Тамыз 2019
Құрметті сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар!

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер аумағынан Қазақстан Республикасы аумағына тауарларды импорттау кезінде, тауарлардың жалпы құнының 12% мөлшерінде қосылған құн салығы  105115 төлем кодына (ЕАЭО аумағынан импортталған тауарларға қосылған құн салығы) төленеді.

08 Тамыз 2019
Сайт картасы Кері байланыс